Әлем • 06 Маусым, 2018

Жаһан жаңалықтары: Харри Кейн – ең қымбат футболшы

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

CIES Football Observatory әлемнің ең қымбат футболшыларын анықтауда кезекті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жолы ең қымбат футболшы деп «Тоттенхэм» шабуылшысы Харри Кейн танылды.

Жаһан жаңалықтары: Харри Кейн – ең қымбат футболшы

CIES Football Observatory зерттеушілері Кейнді 201,2 миллион еуроға бағалады. Екінші орынды бразилиялық Неймар 195,7 миллионмен алса, одан кейінгі орындарда Килилиан Мбаппе 186,5 миллион, Лионель Месси 184,2 миллионмен тұр. Алайда ПСЖ Неймарды «Барселонадан» 222 млн еуроға сатып алғанын да ескерген абзал. Үздік бестікте «Ливерпуль» ойыншысы Мұхамед Салах 171,3 млн еуромен орналасқан. Бес рет «Алтын доп» иегері атанған «Реал» шабуылшысы Криштиану Роналду бар жоғы 24-орынға табан тірепті. Оның бағасын 103,4 млн деп бағалаған. Айта кетері зерттеу рейтингі аяқдопшының жасы, позициясы, клубтық және ұлттық деңгейдегі ойындары мен команда жетістіктеріне байланысты құрылған.

Рафаэль Надальдің 900 жеңісі

Рафаэль Надаль (Испания) – Максимилиан Мартерер (Германия) – 6:3, 6:2, 7:6.

Надаль солақай неміспен бәсекелестікке бірден бейімделе алмады. Алайда испандық жылдам жинақталып, Максимилиан ашуын тұрақсыз бэкхендтер арқылы басты. Мартерер шаршағандықтан екінші сетті күрессіз берді, бірақ үшіншіге дайындалып отырды. Бұл ойында Рафаэльдің өзі де шаршағанымен өте таза және сенімді ойын көрсетті. Турнирде 38 сетті қатарынан жеңіп шықты. Енді жартылай финалда Надаль Диего Шварцманмен кездеседі.

Матерермен ойындағы жеңісі Рафаэль Надальдің мансабындағы 900-ші болды. Мынадай көрсеткішке осыған дейін тек Джимми Коннорс, Иван Лендл, Гильермо Вилас, Роджер Федерер ғана жеткен болатын.

Сынған аяғымен ойнады

Швейцария құрамасының хоккейшісі Роман Йоси Әлем кубогінің финалын сынған аяғымен өткізді. Команданың бас бапкері Патрик Фишердің айтуынша 28 жастағы қорғаушы Канадаға қарсы жартылай финалда жарақат алды. Бір қызығы, Йоси финалдық ойында 29 минут өткізіп, 2 ассистенттік жасап үлгерген.

Дайындаған Ырысты Қадірбек